Биыл елімізде 23,4 млн тонна жемшөп дайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде елімізде қысқы мал азығын дайындау қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда жемшөптің 98 пайызы дайын және қазан айының ортасында бұл науқан толық аяқталады деп күтілуде. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде елімізде 23,4 млн тонна жемшөп дайындалды. Бұл - қажет көлемнің 98 пайызы. Қазан айының ортасына дейін жемшөп әзірлеуді аяқтаймыз. Маңғыстау өңірін жемшөппен қамтуға келсек, қазіргі уақытта 65 пайызға дайын. Қалған бөлігі басқа облыстармен келісімшарт жасасу арқылы жеткізіледі. Бұл жерде проблема жоқ. Одан бөлек, еліміздің солтүстік өңірлерінде қауырт жағдай үшін жемшөп базасы жасақталып жатыр», - деді Айдарбек Сапаров ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр келтірген статистикаға сүйенсек, бүгінде еліміз бойынша 1,5 млн тоннадан астам сенаж (94%), 1,2 млн тонна силос (53%) және 3,5 млн тоннаға жуық тонна сабан (61%) дайындалды.

Бұған дейін министрдің бірінші орынбасары еліміздің астық экспорты әлеуеті туралы айтып берді.

А. Сапаровтың айтуынша, биыл еліміз 6-6,5 млн тонна көлемінде астық экспорттауды жоспарлап отыр. Және астық Ауғанстан, Иран және Орталық Азия елдеріне шығарылады.

Одан бөлек, спикер егістік алқапты киіктер таптап тастауынан шығынға батқан отандық фермерлердің жанайқайына жауап берген еді.


Соңғы жаңалықтар