Биыл Екібастұзда жөнделуі тиіс 3 км жылу желісінің тек 600 метрі жөнделген

None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Екібастұздағы ахуал бойынша өткен брифингіде Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Олег Крук жылудың толық қашан берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үйлердегі жылу қондырғыларына жылу беруді ертең немесе арғы күні аяқтаймыз. Десек те ертең бітіреміз деген үміт басым», - деп мәлім етті Олег Крук.

Брифингте БАҚ өкілдері Екібастұз қаласының әкімінен 2008 жылдан бері шаһардағы қанша жылу желілерінің қанша пайызы күрделі жөндеуден өткенін сұрады.

«Нақты 2008 жылдан бері қанша жылу желілері күрделі жөндеуден және реконструкциядан өткенін дәл қазір айта алмаймын. Биыл жоспарланған 3 шақырым жылу желілерінің тек 600 метріне ғана жөндеу жасалды. Бұл мәселе қаражатқа тіреліп отыр», - деді Аян Бейсекин.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің мәліметіне сәйкес, шаһарда әлі 40-тан астам үй сусыз, 11 үй жарықсыз отыр.

Еске сала кетейік, бүгін Төтенше жағдайлар министрлігі Екібастұз қаласына қосымша күштер мен құралдар жіберген болатын.

Екібастұз жылу электр орталығында апат 27 қарашада болған еді. Салдарынан қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейінірек жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.
Кеше, 1 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі қызметінен босатты. Оның орнына уақытша Олег Крук тағайындалды.


Фото: «Павлодарэнерго» АҚ

Соңғы жаңалықтар