Биыл екі азаматтығы бар 15 мыңнан астам қазақстандық анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы екі азаматтығы бар 15 мыңнан астам қазақстандық анықталды.

Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырған еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл екі азаматтық алған 15260 адамды анықтадық. Оның 555-ін жауапқа тарттық. 102 адамды елден шығардық, қалғаны айыппұл төлеп, елден шығып кетті. Сондықтан алдағы уақытта екі азаматтық болмасын деп арнайы келісім жасап жатырмыз», - деді министр депутаттардың сауалына орай.

Сонымен қатар Қалмұханбет Қасымов заң жобасына орай Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы көші-қон деректеріне де тоқталды.

«2018 жылдың 11 айында бізге 492 мың Тәжікстан азаматы келді. Оның тек 56 мыңы ғана тіркелген. Өйткені, олар бес күннен кейін тіркелуі тиіс. Қалғандары қызмет бабымен, жеке шаруаларымен келген. Туристер саны 10 мың адамды құрайды», - деді ол.

Оның айтуынша, елімізге келген тәжік азаматтары тарапынан жасалатын қылмыстар да тіркелген.

«Ағымдағы жылы олар 59 қылмыс, өткен жылы 48 жылмыс жасаған. Бұл жалпы қылмыс санының 0,02 пайызына тең. Негізінен олар базарлардағы ұсақ-түйек ұрлықты құрайды. Бұл мәселені ескеріп, шаралар қабылдайтын боламыз. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған тәжіктердің 90 пайызы 5 күннің ішінде тіркеліп үлгермеген. Ендігі уақытта біз 30 күн бермекпіз», - деді министр.

Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім 2018 жылдың наурызында Астанада жасалған болатын. Ал осы жылдың шілде айында Тәжікстан Парламенті бұл заң жобасын ратификацияланған еді. Келісімді ратификациялау екі елдің көші-қон, азаматтардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығының тиімділігін арттырады.

Соңғы жаңалықтар