Биыл егістік алқабы 105 мың гектарға ұлғайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл егістік алқабы 105 мың гектарға ұлғайтылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әкімдіктердің дерегіне сәйкес 2022 жылға арналған егіс алқаптарының болжамды құрылымы қалыптасты. Жалпы егіс алаңы - 23,1 млн гектар. Бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 105 мың гектарға артық. Жемшөп дақылдарының алқабы едәуір ұлғайтылып, 3,6 млн гектарға жетті. Сондай-ақ картоп, күнбағыс, көкөніс, яғни әлеуметтік дақылдар алқабы ұлғайтылды. Осы жылғы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында біздің министрлік бірнеше рет облыс әкімдіктерімен кеңес өткізді», - деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның дерегінше, егіс жұмысын жүргізуге, шаруа қожалықтарын тұқыммен, агрохимиямен, техникамен қамтамасыз етуге, қаржыландыруға байланысты бүкіл мәселелерді үйлестіру мақсатында республикалық жедел штаб құрылды.

«Оның құрамына барлық мүдделі органдар мен ұйымдар, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары кіргізілді. Штаб отырысы апта сайын өткізіледі», - деді Әбілхайыр Тамабек.


Соңғы жаңалықтар