Биыл бюджетке қанша қаражат түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 4 трлн 355 млрд теңге қаражат түсті. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 4 трлн 355 млрд теңге сомасында қаражат түсті немесе жоспар 110,4%-ке атқарылды. Республикалық бюджетке 2,7 трлн теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 101,6%-ке атқарылды», - деді Қаржы министрі бүгінгі Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, кірістер бойынша жоспар 42 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 2 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер бойынша 39 млрд теңгеге асыра орындалған.

«Бұл негізінен импортқа салынатын қосылған құн салығы, мұнайға экспорттық кеден бажы және корпоративтік табыс салығы есебінен қамтамасыз етілді. Импортқа салынатын ҚҚС бойынша жоспардың асыра орындалуы: өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда биылғы 4 айда үшінші елдермен импорт көлемінің 8,1%-ке немесе 488 млн долларға ұлғаюына байланысты. Оған қоса 2021 жылғы 1 тоқсанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден импорттық жеткізілімдер көлемінің 11,8%-ке ұлғаюы әсер етті. Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша асыра орындау экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің ұлғаюына байланысты болды», - деп түсіндірді Қаржы министрі.


Соңғы жаңалықтар