Биыл БҚО-да 28,2 мың жұмыс орны құрылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Батыс Қазақстан облысында 28,2 мың жұмыс орны құрылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірдің дамуына үлкен серпін беретін келесі бағыттардың бірі –мал шаруашылығы. Облыста жыл сайын тұрғындардың қажеттілігінен 2 есеге артық ет өндіріледі. Сонымен қатар көрші Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және басқа да облыстарды етпен қамтамасыз етіп отырмыз. Құс етіне келер болсақ, қазіргі таңда облысты құс етімен қамту 66 пайызды құрайды. Осы көрсеткішті жақсарту мақсатында, жылына 7,2 мың тонна құс етін өндіретін зауыт қуаттылығын 12 мың тоннаға дейін ұлғайтып жатырмыз», - деді облыс басшысы.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының ауылды дамыту, ауыл тұрғындарының табыстарын арттыру бойынша берген тапсырманы орындау мақсатында өңірде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталды. Биыл республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге бөлінді. Осы қаржыға 742 микрокредит беріліп, 787 жұмыс орны құрылатын болады. Облыс аумағында 235 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасап тұр. Осыған қосымша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 60 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылады.

«Қазіргі таңда өңірде 17,3 мың жұмыссыз адам тіркеліп, жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызды құрап отыр. Соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық 4 пайыз болса, NEET санатындағы жастар 4,9 пайызды құрап отыр. Бүгінде «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы несие беру жұмыстарын бастады. Қазірдің өзінде 1,5 млрд теңгеге өтініш қабылданып, несие беру басталды. Одан бөлек, жастарды қолдау мақсатында 238 адамға 5 млн теңгеге дейінгі мөлшерде жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге жеңілдетілген несие береміз. Сонымен қатар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы аясында биыл 405 адамға 1,4 млн теңге мөлшерінде жалпы сомасы 570 млн теңгеге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант беріледі. Қазіргі таңда облыс деңгейінде жұмыспен қамту органдары арқылы 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 4 мыңға жуығы – жастар. Мемлекеттік бағдарламалар және Өңірлік жұмыспен қамту картасы арқылы өңірімізде 28,2 мың жұмыс орындарын құрамыз», - деді Нариман Төреғалиев.


Соңғы жаңалықтар