Биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына республикалық бюджеттен 2,5 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысына "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2 миллиард 485,1 миллион теңге мақсатты трансферттер бөлінді.

Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Бекенов мәлім етті.

Оның айтуынша, бұл қаржы негізінен бірнеше бағыттар бойынша берілмекші.

"Қаржының 1300,0 миллион теңгесі "Жаңа бизнестік бастамаларды қолдаудың" бірінші бағыты аясында пайыздық ставканы субсидиялауға бағытталады. 339,63 миллион теңгесі экспорттаушы кәсіпорындар үшін "Кәсіпкерлердің валюталық тәуекелділігін азайтудың" үшінші бағыты шеңберінде пайыздық ставкаларды субсидиялауға жұмсалады. 44 миллион теңге қаржы "Жаңа бизнестік бастамаларды қолдаудың" бірінші бағыты шеңберінде несиені кепілдендіруге беріледі. 15 миллион теңге жеке кәсіпкерлікті жаңа бастаған субьектілерге, инновацияны игерушілерге, жас кәсіпкерлерге, әйелдер мен мүгедектерге "Жаңа бизнестік бастамаларды қолдаудың" бірінші аясында гранттық қаржыландыруға бөлінеді", - дейді Ә.Бекенов.

Сондай-ақ 57,83 миллион теңге "Кәсіпкерлік әлеуетті күшейтудің" төртінші бағыты шеңберінде бизнесті жүргізуді сервистік қолдауға, ал 728,6 миллион теңге "Жаңа бизнестік бастамаларды қолдаудың" бірінші бағыты шеңберінде жетіспейтін инфрақұрылымды тартуға бағытталады.

Соңғы жаңалықтар