Биыл бизнес субъектілерінің үстінен қозғалған 400-ден астам қылмыстық іс тоқтатылған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат –ҚР Бас прокуроры Берік Асылов жыл басынан бері бизнес субъектілерінің үстінен қозғалған 400-ден астам қылмыстық іс тоқтатылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құқық қорғау органдарының бизнеске көрсететін қысымын төмендету жұмысына тоқталғым келеді. Бұл – Президенттің тікелей тапсырмасы. Қыркүйек айының басында күш құрылымдарының бизнеске жасайтын қысымына нақты тосқауыл қою үшін мен барлық құқық қорғау және арнайы органдарға арналған нұсқауға қол қойдым. Прокуратура органдары жинақтаған тәжірибе осы құжаттың негізіне алынды. Бізге қылмыстық орбитаға түскен кәсіпкерлерден күн сайын шағым түседі. Істі тоқтату, тұтқындау мен басқа да шектеулерді алып тастау бойынша шара қабылдадық. Жыл басынан бері бизнес субъектілеріне қатысты заңсыз қозғалған 400-ден астам қылмыстық іс тоқтатылды», - деді Берік Асылов бизнес өкілдерімен кездесуде.

Сондай-ақ, ол барлық құқық қорғау және арнайы органдарға арналған нұсқау бойынша бизнес нысандарына қарсы қылмыстық іс қозғау процесі тәртіпке келтірілгенін атады.

«Егер кәсіпкердің тексеру немесе аудит нәтижелеріне шағымдану мерзімі өтпесе;

- шешімнің негізінде қылмыстық қудалау органының штаттық маманы жасаған залал туралы формальды қорытынды жасалса;

- мердігер үнемдеу арқылы пайда тапса және орындалған жұмыстың сапасына қатысты шағымдар болмаса, бизнеске қарсы іс бастауға тыйым салынады», – деді Бас прокурор.


Соңғы жаңалықтар