Биыл білім беру гранттарының негізгі бөлігі қай салаға бағытталады
2022 жылғы 24 қаңтар 16:56

Биыл білім беру гранттарының негізгі бөлігі қай салаға бағытталады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстандағы ЖОО-ларда оқуға арналған білім гранттарының саны тағы 5 мыңға артады. Осылайша, гранттардың жалпы саны 61 мыңнан асты. Жаңа гранттар студенттер арасында сұранысқа ие және өзекті мамандықтарға бөлінетін болады. Сондай-ақ білім беру гранттарын бөлу кезінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін квоталар көзделген. Осы орайда мемлекеттік гранттар жайлы ҚазАқпарат агенттігіне ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің басқарма басшысы Жанна Есинбаева айтып берді.

- Жақында білім гранттарының саны артатыны жайында хабарлаған еді. Осы орайда бұл гранттар қай салаларға бағытталады?

- ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, елімізде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін ұлғайту жоспарланған. 2022-2023 жаңа оқу жылына грант саны 5 мыңға артатын болады. Осы орайда жалпы көлемі 61 мың гранттан асады. Егер 2021 жылы бізде 56 561 грант бөлінсе, биыл 61 мыңнан астам грант бөлінеді деп жоспарланған.

Бұған қаражат көзі Республикалық бюджеттен қарастырылады. Бұл тұрғыда Респубикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі бойынша барлық жұмыстар аяқталды, яғни бұл қадамдар орындалады. Сәйкесінше, тиісті қаулы шығарылады.

Бұл ретте айта кету керек, біз мемлекеттік білім беру тапсырысының басым бөлігін техникалық мамандықтарға бөлуді жоспарлап отырмыз. Осыған дейін шамамен техникалық мамандықтарға бөлінетін грант санының үлесі 40 пайыздан асатын болса, қазір оның көлемін 60 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру барысында біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе жұмыстарды атқарамыз. Себебі Еңбек министрлігі қай салада қандай мамандықтар тапшы екенін сараптап көрсетіп береді. Осыны және «Атамекен» палатасының, республикалық комиссияның ұсынысын ескере отырып, бекітетін боламыз.

- Мемлекеттік грантқа үміткер ретінде жылына орташа есеппен қанша талапкер құжат тапсырады?

- Шамамен 77 мыңнан астамы конкурсқа қатысады. Бізде конкурсы жоғары мамандықтар болады. Осы орайда конкурсы жоғары мамандықтардың қатарына экономикалық сала кіріп отыр. Содан кейін медициналық мамандықтарға, шет тілі бағыттарында конкурс жоғары болып келеді. Яғни үміткерлер саны көбірек болады да, грантқа ілікпей қалған бала саны көп кездеседі. Ал конкурсы аздау бығытта ауыл шаруашылығы мамандықтары еніп отыр. Бұл салада шекті ұпай жинағандарда грантты иелену мүмкіндігі өте жоғары.

- Техикалық мамандықтарға сұранысты қалай бағалар едіңіз?

- Жалпы, техникалық кәсіптерге, оның ішінде ІТ-салаға, инженерлік мамандықтарға келетін бала саны өте көп. Осы орайда мемлекеттік грант аясындағы конкурс жақсы деңгейде.

Мектеп бітіретін түлектердің жалпы саны 2024-2025 жылдарға дейін өседі деген мәліметтер айтылып жатыр. Түлектер саны 180-190 мыңға дейін жетуі мүмкін. Олардың басым бөлігі ҰБТ тапсыруға келеді. Сондықтан бұл балалардың елеулі бөлігі техникалық мамандықтарды таңдайды.

- Мемлекеттік гранттар аясында қандай квоталар ескерілген?

- Аталған 5 мың грант жалпы мемлекеттік білім беру тапсырысына қосылады. Енді сол 61 мыңнан астам гранттың арасында әлеуметтік осал топтардағы азаматтар үшін арнайы квоталар қарастырылған. Жетім балаларға 1 пайыз квота үлестіреміз, мүгедектігі бар жандарға 1 пайыз, сондай-ақ қандастарға 4 пайыз қарастырылған. 30 пайызы ауылдан келген балалар үшін ескерілген, 10 пайызы «Серпін» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.

2021 жылы жаңадан үш квота қосылды. Білім және ғылым министрлігі Президенттің тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалардың мемлекет есебінен білім алуына мүмкіндіктің көбірек болуы үшін жұмыс жүргізді.

Осы орайда көпбалалы отбасылар үшін 5 пайыз квота, толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1 пайыз,сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге 1 пайыз ковота беріледі.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT