Биыл Батыс Қазақстан облысында 570 шақырым жол жөнделеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Батыс Қазақстан облысында 570 шақырым жол жөнделеді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 6 176 шақырым, соның ішінде республикалық маңызға ие жолдар 1 414 шақырым болса, жергілікті маңызы бар жолдар – 4 762 шақырым. Биыл Үкіметтің қолдауының арқасында 74 млрд теңгеге 570 шақырым жолды жөндеуді көздеп отырмыз. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары өңір тұрғындарының басты назарында. Атап айтар болсақ, ұзындығы 245 шақырымды құрайтын «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» автожолдарының күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр», - деді Нариман Төреғалиев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 245 шақырым жолдың 125 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. «ҚазАвтоЖол» республикалық мекемесінің ресми мәліметіне сәйкес, қалған 120 шақырым жолдың төменгі қабатын төсеу бойынша жұмыстарды биыл аяқтаймыз. Сонымен қатар, 144 шақырымды құрайтын «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы» автожолының құрылысы басталды.

Жергілікті жолдарға тоқталар болсақ, биыл 27 млрд теңгеге 332 шақырым облыстық және аудандық жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша жергілікті автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 46-дан 52 пайызға жеткізу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, биыл облыс орталығы – Орал қаласының 61 көшесі жөнделеді. Қазіргі таңда 4 көшенің жолы аяқталды, қалған көшелердің жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр», - деді өңір басшысы.


Соңғы жаңалықтар