Биыл Батыс Қазақстан облысы жолдарын жөндеуге қомақты қаражат бөлінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысындағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылға арналған республикалық бюджетте «Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» жол учаскелерін күрделі жөндеу жобаларын іске асыруды жалғастыру үшін 10 млрд теңге көзделген. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде көрсетілген мақсаттарға қосымша 5 млрд теңге бөлінді. Батыс Қазақстан облысының облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялауға биыл республикалық бюджеттен берілетін трансферттер аясында 3,4 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Сонымен қатар Премьер-Министр2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 4,9 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген атап өтеді

«Оның ішінде: «Чапай-Жаңақала-Сайқын» автожолын реконструкциялауға, 130-191 шақырым – 1,5 млрд теңге; «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты» автожолын реконструкциялауға, 68-139 шақырым – 1,5 млрд теңге; «Барбастау-Ақжайық-Индер» автожолын реконструкциялауға, 43-93 шақырым – 1,9 млрд теңге. Батыс Қазақстан облысындағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында», - деді Әлихан Смайылов.

Бұған дейін Президент ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан Батыс Қазақстан облысындағы күре жолдар проблемасы бойынша Үкіметке және аймақ басшысына тапсырмалар жүктеген еді. Сондай-ақ аталған себептерге байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев қызметінен босатылған болатын. Ал бүгін Батыс Қазақстан облысында жол жөндеу жұмыстарының кешігуіне байланысты «QAZAVTOJOL «ҰК» АҚ және ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің бірқатар қызметкерлері жауапқа тартылған болатын.



Соңғы жаңалықтар