Биыл азық-түлік өнімдері өндірісіндегі негізгі капиталға инвестиция артты - Премьер-Министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы 8 айда тамақ өнімдерінің өндірісіндегі негізгі капиталға инвестициялар өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет қабылдаған шаралардың арқасында қазіргі кезде азық-түлік тауарларының 23 (29-дың ішінде) негізгі түрі бойынша біз өзімізді ішкі өндіріс есебінен қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл ең алдымен жеміс-көкөніс, жарма, ұн, ет өнімдері және басқалар. Өнімдердің қалған 6 түрі, атап айтқанда алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, қант пен құс еті бойынша өндірісті ұлғайту үшін келесі 3 үш жылдың ішінде жаңа құс фабрикаларын, ет комбинаттарын, сүт, қант зауыттарын іске қосу жөнінде бірқатар нақты шаралар қабылдап, алма бақтарының ауданын ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ретте, ішкі нарықты осы азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады», - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда А. Мамин тиісті сақтау инфрақұрылымы мен дистрибуциясы бар Ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылып жатқанын еске салды.

«Бұл өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау шарттарын жақсартуға, ауыл шаруашылығы тауарларының өндірісін және маусымаралық кезеңде нарықта оның санын арттыруға мүмкіндік береді және де экспортты біршама ұлғайтады. Сауда министрлігі осы жұмысты жалғастыруы керек, ал әкімдіктер ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері мен сауда орындарының тауар өткізуші жүйенің инфрақұрылым объектілерімен байланысын қамтамасыз етіңіздер. Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың барлық қажетті шаралары көрсетілуде, субсидиялар беріліп жатыр, жеңілдікпен кредит беру және салықтық преференциялар көзделген», - деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, осы қолдау шараларының арқасында биылғы 8 айда тамақ өнімдері өндірісіндегі негізгі капиталға инвестициялар өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға артып, 54,7 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 5 трлн теңгеден астам инвестиция тартып, 380 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл азық-түлік тауарларының басым түрлері бойынша 7 экожүйені (ет, балық, жеміс және көкөніс, қант, дәнді, майлы, сүт өнімдері) қалыптастыруға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар