Биыл азық-түлік бағасы 9,7% қымбаттады: Үкімет қандай шаралар қабылдауда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 8 айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 9,7% құрады. Бұл туралы Премьер-Министрі Асқар Мамин өткізген кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған жиында айтылғандай, негізгі аграрлық елдердегі, оның ішінде ҚР-дағы қолайсыз климаттық жағдайлар негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығының төмендеуіне алып келді. Осыған байланысты бағаның өсуі, сондай-ақ көрші елдер тарапынан ауыл шаруашылығы өніміне сұраныстың артуы байқалады. Биыл 8 айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 9,7% құрады.

Соңғы айда бағаның 0,7 пайыздық тармаққа төмендеуі байқалады. Инфляцияға қарсы ден қою шаралары аясында 2021 жылы «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ 87 млрд теңгеге (2020 жылы – 40 млрд теңгеге) ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуды жоспарлап отыр.

Бұл ретте сатып алынатын дақылдардың тізбесі 4-тен 9-ға дейін кеңейтілді: жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, рапс, зығыр, соя, қарақұмық. Аталған өнімдер ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін, оның ішінде ұн тарту кәсіпорындарына, құс және мал шаруашылығы шаруашылықтарына өткізу үшін пайдаланылатын болады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны төмендету туралы 68 хабарлама шығарды, 8 тергеу тағайындалды. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында ӘМАТ-та сауда үстемесінен асып кетудің және сыйақы алудың 46 фактісі анықталды.

Осы өңірлердің басшыларына шекті сауда үстемесінен асыра белгілеген сауда субъектілерін жауапкершілікке тарту жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.

Жалпы, Премьер-Министр әкімдіктер мен министрліктерге Инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің уақтылы және толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Егін жинау маусымының аяқталуына байланысты әкімдіктерге «айналым схемасы» бойынша қосымша қаржыландыру бөлуді жеделдету және өңірлік тұрақтандыру қорларына бұрын жеткізілген азық-түлік көлемін сатып алуды жүзеге асыру тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар