Биыл астық экспорты дәстүрлі нарықтарға бағытталады - Айдарбек Сапаров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы астық өнімділігі былтырғы деңгейде болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астық өнімділігі бойынша айту әзірге ертерек деп ойлаймын, себебі көктемгі егіс науқаны енді ғана аяқталып жатыр. Бұл науқанды оңтайлы мерзімде аяқтағанымыз қуантарлық жағдай деп есептеймін. Бұдан кейін алқаптарда тиісті өңдеу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Сондықтан тиісті мәліметтерді шамамен 20 шілдеден кейін айта аламыз. Сол кезде дақылдар мақсақтанған кезде астық шығымдылығы бағаланады», - деді А. Сапаров Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, жауын-шашын қалыпты нормада болса, астық өнімділігі былтырғыдан кем түспеуі мүмкін. Астық экспортына тоқталсақ, жыл сайын 7-8 млн тонна бидай экспорттап келеміз.

«Сондықтан 2021 жылы да осы деңгейде боламыз деп ойлаймын. Бізде дәстүрлі бұрынғы нарықтар қалып отыр. Яғни Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Иран, Ауғанстан елдері бар», - деді бірінші вице-министр.

Айта кетейік, 2020 жылы күрделі ахуалға қарамастан еліміз бойынша 20,8 млн тонна көлемінде астық жиналған және оның сапасы 2019 жылға қарағанда әлдеқайда жоғары болды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, облыс әкімдіктерінің деректері бойынша биылғы егіс науқанын 3 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Шаруалар тұқымдық материалмен толық қамтылған. Тексерілген тұқымдардың 90 пайызы бірінші, екінші егістік стандартына сай келеді.


Соңғы жаңалықтар