Биыл Астананың барлық білім мекемесінде видеокамера болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл елорда білім беру мекемелері 100 пайыз бейнебақылау камерасымен жабдықталады. Бұл туралы бүгін қала халқының алдында есеп беріп жатқан Астана әкімі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылы педагогтарға тағы 1 мың тұрғын үй сертификаты беріледі. 300 орынға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Міне, осы жерде кадрға қатысты жекелеген жайттар бар. Бүгінде педагогикалық ЖОО-лар танымалдыққа ие емес екендігі ешкімге құпия емес. Мұғалімдердің жұмысы барынша күрделі әрі жалақысы төмен. Бала кезімде ер-азамат мұғалімдер көп болатын және балалар оларға мүлдем басқаша қарайтын. Қазір бұл жерде диспаритет байқалады. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы мен мәртебесін жүйелі түрде арттыру шешімі қабылданды», - деді Б.Сұлтанов.

Оның айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері арқылы жан басына қаржыландыруды енгізудің арқасында әкімдікте айтарлықтай қаражат үнемделіп отыр. Олар мұғалімдердің жалақысын көтеруге жұмсалады.

Шаһар басшысы сондай-ақ Елбасының білім мекемелерін видеокамералармен жабдықтау тапсырмасына тоқталды.

«Балалардың қауіпсіздігі маңызды міндет саналады. Ағымдағы жылдың соңына дейін біз оқу орындарын, оның ішінде, асханаларды 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ететін боламыз»,- деді Б.Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар