Биыл астаналықтарды тегін дәрімен қамтамасыз етуге 19,54 млрд теңге қажет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Астана қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, биыл астаналықтарды тегін дәрімен қамтамасыз етуге 19,54 млрд теңгеге өтінім түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге берілген өтінім 19,54 млрд теңге болды. Оның ішінде ТМККК аясында – 11,36 млрд теңге, МӘМС бойынша ересектерге – 7,23 млрд теңге, балаларға – 1,01 млрд теңге қажеттігі туралы өтінім берілді.

Қаңтар айынан бастап дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар бекітілген кестеге сәйкес жеткізіліп жатыр, олардың құны 5,64 млрд теңге болды», - деді ол ведомствода өткен брифингіде.

Сондай-ақ, Нұрлыбек Қабдықапаров қордың сарапшылары медициналық қызметтің сапасының жақсарту үшін пациент құқығын сақтау бағытында тұрақты жұмыс істеп келе жатқанын айтты.

«Естеріңізге саламыз, қажет болған жағдайда, пациенттер тегін дәрі-дәрмекке қатысты мәліметті «СК-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс орталығы арқылы біле алады, қалалық және мобильді телефондар арқылы да тегін хабарласуға болады», - деді филиал директоры.


Соңғы жаңалықтар