Биыл Астанадағы балабақша педагогтерінің біразы арнайы курстардан өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанадағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 4 мыңнан астам педагог жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы елорданың коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022-2023 оқу жылында білім беру ұйымдарында 21 159 педагог жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдарда 4 291 болса, соның арасында 2 719-ы мемлекеттік ұйымдарда қызмет етіп жүр», - деді С. Әділбаев.

Атап айтқанда, елордада жалпы 64 465 баланы қамтып тұрған 457 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істеп тұр. Оның арасында 100-і мемлекеттік балабақша, 354-і жекеменшік ұйым. Жеке сектордағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 346-сы мемлекеттік тапсырыс бойынша қызметін жалғастырып отыр.

«Педагогтерді аттестаттау бойынша талаптары аясында олар тиісті курстардан өтуі тиіс. 2022 жылы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 576 тәрбиеші, 25 әдіскер, 50 меңгеруші, яғни жалпы саны 651 (14,8%) педагог аталған оқыту курстардан өтті. 2023 жылы мектепке дейінгі білім беру саласындағы 1 062-сін (43,4%) осы курстардан өткізу жоспарланып отыр», - деді ол.

Сонымен қатар Серік Әділбаев қазіргі кезде қалада балабақша меңгерушісі қызметі бойынша 14 бос орын бар екенін айтты. Бұл қызметке тағайындау конкурс нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр қыркүйек айында балабақша педагогтерін аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілетіні айтылған еді.


Соңғы жаңалықтар