Биыл Астанада үшінші жылу электр орталығы пайдалануға беріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада жыл соңына дейін тағы бір жылу электр орталығы іске қосылады. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жылу электр орталықтарын салу жоспары туралы бұған дейін де айтылды. Атап айтқанда, 2023 жылдың соңына дейін Астанада үшінші жылу электр орталығын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті газға ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Аталған істі «СамұрықЭнерго» атқарады. Газға ауысқаннан кейін жылу орталығының қуаты артып, экология мәселесі де оң шешімін таппақ, -

деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ,Үкімет басшысының айтуынша, Қызылордада ЖЭО салатын инвестор нақтыланды. Ал, Түркістан облысындағы жылу электр орталығы газға көшірілмек.

Аталған жобалар 2025 жылға дейін пайдалануға берілуі тиіс. Сондай-ақ, бүгінде Энергетика министрлігі Көкшетауда ЖЭО салу бойынша тендер өткізіп жатыр. Жоспар бойынша жаңа орталық 2027 жылы пайдалануға беріледі. Семейде ЖЭО салу бойынша техникалық-экономикалық құжатты әзірлеу жұмысы басталды. Пайдалануға 2027 жылы берілмек. Бұған дейін тарифтің орнына инвестиция құю бағдарламасы туралы айтқан болатынбыз. Бағдарлама алдағы 5 жыл бойы қолданыста болады. Жалпы, барлық инфрақұрылым бойынша (электр, су, жылу) желілердің тозу көрсеткішін 20 пайызға азайтуды көздеп отырмыз, -

дейді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар