Биыл Астанада екі мыңға жуық бозбала әскерге аттанады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы жылы Астанадан шамамен 1,8 мың бозбала әскерге шақыртылады Әскерге шақырылушыларға қатаң талаптар қойылады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қалалық қорғаныс істері департаментінде белгілі болғандай, 2019 жылы мерзімді әскери қызметке шамамен 1,8 мың жас астаналық шақырылады.

«Қала халқы санының артуына байланысты әскер қатарына шақырылатындар қатары жыл сайын өсуде. Осы жылы әскерге шақырылатын сарбаздардың санын өткен жылмен салыстырғанда 20% көбейту көзделген», - деп хабарлады ведомстводан.

Жыл сайын Қазақстанда 18-27 жас аралығындағы барлық жас жігіттер әскерге шақырылады. Әскери қызмет және Қазақстан Республикасын қорғау - әр азаматтың парызы мен міндеті. Алайда бозбаланың әскерден уақытша және тұрақты негізде босатыла алатын бірқатар жағдайлары бар. Осы жылы 1992-2001 жылы туған жігіттер әскер қатарына шақырылады.

Өткен жылғы статистикаға қарағанда, әскер қатарына алынып жатқандардың жасы 18-23 аралығында. Техникалық білімі және В, С санатындағы жүргізуші куәлігі бар жігіттерге басымдық беріледі. Әскерге аттанатындардың бірінші легі шамамен 10 наурызда аттанады. Олар ҰҚК-нің Шекара қызметі және Мемлекеттік күзет қызметі әскери бөлімдерінде борышын өтейді. Әскерге шақырылушылардың келесі легі - Қарулы Күштер мен Ұлттық ұланға барады.

«Астанаға шақырылған жігіттер оңтүстік, батыс және шығыс өңірлеріндегі Әуе қорғанысы күштерінде, оқу бөлімшелерінде, арнайы мақсаттағы бөлімдерде әскер қатарында болады. Айта кетейік, экстерриториялық тәртіпке сай әскерге шақырылған азамат өзінің туған облысында әскери борышын өтей алмайды. Міндетті түрде басқа аймаққа жөнелтіледі», - деп мәлімдеді қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменттен.

Әскерге шақырылушыларға қойылатын талаптар: денсаулығы өте жақсы, білімі ортадан төмен емес (жоғары техникалық мамандығы құпталады), психологиялық тұрақтылық, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмауы керек.

Соңғы жаңалықтар