Биыл Астанада Аңсаған сәби бағдарламасы шеңберінде 514 квота бөлінген

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша биыл Астана қаласында экстракорпоралдық ұрықтандыруға 514 квота бөлінді. Бұл туралы бүгін елордада өткен брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Астана қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экстракорпоралдық ұрықтандыру емшаралары құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жатады. Бұған дейін ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілді. Алайда, қаржыландыру көлемі аз болды, жылына шамамен 900-1000 квота бөлінді. 2021 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл квота санын 7 есеге – жылына 7 000-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Емшара МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтер тізбесіне кіреді, сондықтан сақтандырылған пациенттер оны тегін пайдалана алады. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша биыл Астана қаласында экстракорпоралдық ұрықтандыруға 514 квота бөлінді. Өңірдің 2 медициналық ұйымына жоғары технологиялық медициналық көмек лотында ЭКҰ-ға 1 773,8 млрд теңге жоспарланған» - деп атап өтті Нұрлыбек Қабдықапаров.

Сонымен қатар, филиал директоры МӘМС жүйесінде елордалықтардың 82 пайызы сақтандырылғанын атап өтті. Бұған қоса, биылғы он айда 187 мыңнан бас шаһардың тұрғынына 13 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі тегін берілген.


Соңғы жаңалықтар