Биыл Астанада 300-ден астам АИТВ жұқтыру жағдайы анықталды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы бас қаладағы вирус жұқтыру көрсеткіштерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордада АИТВ жұқтырғандар бойынша жағдай тұрақты және жіті бақылауымызда. Қазіргі уақытта АИТВ эпидемиясы төмен көрсеткіште сипатталады. Елордада байқалып жатқан бұл тенденция жалпы әлемде болып жатқан үрдіске сай келеді. Яғни, негізінен жұқтыру жағдайларының 80%-ы жыныстық жолмен жүреді. Статистикаға келсек, қалада жақсы анықтау жұмыстары жүруде. Жыл сайын 300 мыңнан астам халықты тестілейміз – бұл Астана халқының 20%-дан астамын құрайды. Бұл жалпы эпидемиологиялық жағдайды бағалауға жеткілікті. Биыл жүргізілген жұмыстың арқасында 305 жағдай анықталды. Олардың 82%-ы ерте кезеңдерде анықталған», - деді АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы директорының орынбасары Салтанат Мусина.

Оның айтуынша, бұл науқастарға денсаулықты, иммундық жүйені және еңбекке қабілеттілікті сақтау үшін ерте кезеңдерде уақытылы ем тағайындауға мүмкіндік береді.

«Есепте тұрған пациенттер емдеуді мүмкіндігінше ертерек бастайды және бұл оларға оқуға, жұмыс істеуге және отбасын құруға мүмкіндік береді», - деп толықтырды Салтанат Мусина.

Айта кетейік, жыл сайын 1 желтоқсанда әлемдік қауымдастық, оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтер АИТВ/ЖИТС қарсы күрес күнін өткізеді.


Соңғы жаңалықтар