Биыл арамшөпке қатысты 8,8 млн гектар алқап тексерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 11,3 млн гектар алаңда жүргізілді. Бұл туралы ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марсұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Зиянды арамшөптер бойынша биыл тексеру алаңы 8,8 млн гектар құрады. Арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 11,3 млн гектар алаңда жүргізілді, оның ішінде дәнді дақылдарда - 10,97 млн гектар. Осы жылы гербицидтерге бөлінген субсидиянын сомасы 32,3 млрд теңге құрады. Жалпы, 2021 жылы аса қауіпті зиянды организмдер бойынша таралу көлемі 3,2 млн га алаңда болды, оның ішінде дәнді дақылдар аурулары - 1,4 млн гектарда, астықтың сұр көбелегі - 392 мың гектар», - деді Алмабек Марсұлы Орталық коммуникациялар қызметінде.

Өсімдіктер карантині саласына тоқталған ол, биыл карантиндік аурулардың, арамшөптер мен зиянкестердің таралуы 65,2 мың гектар алаңда болжанғанын айтты. Химиялық өңдеу бүкіл аумақта жүргізілді.

«Уақтылы жүргізілген карантиндік іс-шаралар карантиндік объектілермен залалдану алаңын 2018 жылғы 123,6 мың гектардан 2021 жылы 65,2 мың гектарға дейін төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өту қажет», - деді комитет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл үйірлі шегіртке 640,8 мың гектар алаңда таралды.


Соңғы жаңалықтар