Биыл Арал теңізінің 100 мың гектар құрғаған табанына сексеуіл егілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы Арал теңізінің құрғаған табанына – шамамен 100 мың гектар жерге сексеуіл егілді. Бұл туралы ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ғалымдардың зерттеулері бойынша, Арал теңізінің құрғаған табанының ауданы 4,5 млн гектарды құрайды, оның 2,2 млн гектары Қазақстан аумағында орналасқан. Арал теңізінің жоғалуы – Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің проблемасы. Теңіздің құрғауына байланысты жыл сайын 100 миллион тоннаға дейін тұз, шаң және құм пайда болады, олар құмды және тұзды дауылдармен Еуропа мен Антарктикаға да жетуі мүмкін. Топырақтың сортаңдануы мен тозуы, шөлдің ұлғаюы өсімдіктер мен жануарлар әлемінің дамуына және осы аймақтағы жергілікті халықтың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл көшеттерін отырғызу тапсырмасын орындау шеңберінде 2025 жылға дейін теңіз табанындағы 1,1 млн гектар алқапқа сексеуіл отырғызудың қадамдық кестесі әзірленіп, бекітілді. Биыл сексеуіл көшеттері 100 мың га алқапта жүргізілді, 2022-2025 жылдары жыл сайын 250 мың гектарға егізіп отырады», – деді Ерлан Құтпанбаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін министрлік орман өсіру жұмыстарын үйлестіру штабын және республикалық комиссияны құрған. Қазіргі уақытта 100 мың гектар алқапқа сексеуіл отырғызу бойынша 2021 жылғы жоспар толық орындалды, оның ішінде 64 мың гектар алқап көшеттері министрлік күшімен, 36 мың гектар алқап – Қызылорда облысы әкімдігінің күшімен жүргізілген.

Жалпы фитоорманмелиорациялық жұмыстарды жүргізу кезінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Республикалық орман селекциялық-тұқым өсіру орталығы» РМҚК қызметкерлері және облыс әкімдігінің орман шаруашылығы мекемелері дайындаған 230 тонна сексеуіл тұқымы жұмсалды. Сондай-ақ, тұқым дайындау үшін маусымдық жұмысқа 718 адам қабылданды, механикаландырылған егістікті жүргізу үшін 51 адам жұмылдырылған.

«Аэроегу бойынша биылғы жоспарды уақытылы орындау үшін қыркүйектен желтоқсан айына дейін Аралдың құрғаған табанына 35 дана техника жұмылдырылды. Оның ішінде: 15 дана Т-150 тракторы, жанар-жағармай мен ауыз суды тасымалдауға арналған 6 жүк автомашинасы, жұмысшыларды тасымалдауға арналған 4 жоғары өтімді автомашина, 6 вагон және 4 мотоцикл бар. Сондай-ақ, 2022 жылы аэроегу өткізу үшін жалпы ауданы 64 мың гектар топырақ дайындалды»,- дейді Ерлан Құтпанбаев.

Қазіргі уақытта министрлік халықаралық донорларды, оның ішінде Дүниежүзілік банкті, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамын (GIZ), АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттігін (USAID) және басқа да халықаралық ұйымдарды Аралдың құрғаған табанына топырақ-іздестіру және консультациялық жұмыстар жүргізу, Қызылорда облысының орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бөлігіне тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар