Биыл антикордың 2 қызметкері жемқорлығы үшін сотталып, бесеуі жұмыстан қуылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2 қызметкері жемқорлық үшін сотталып, бес өкілі теріс әрекеті үшін жұмыстан босатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында агенттік төрағасы Олжас Бектенов ведомствоның алқа отырысында айтты.

«Антикор қызметкерлерінің моральдық және кәсіби келбеті мінсіз болуы керек. Қоғам тарапынан сынға себеп болмауы керек. Қызметкерлердің заңға қайшы және әдепке жат қылықтары туралы кез келген қарама-қайшылықтары менің жеке бақылауымда болады», - деді Олжас Бектенов.

Агенттік мәліметінше, биыл 2 қызметкер сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған.

Тәртіптік жауапкершілікке тартылған 142 қызметкердің бесеуі теріс әрекеті үшін жұмыстан босатылған.

«Жақын арада агенттік өз қызметкерлерінің жемқорлыққа төзімсіздігін тексеру үшін Integrity Check тетігін пилоттық сынақтан өткізеді. Біз осы ұсыныстың бастамашысы ретінде сынақты өзімізден бастаймыз. Жаңа тәсілдерді қолдана отырып, өз қатарымыздың тазалығын қамтамасыз етеміз», - деді антикор басшысы.


Соңғы жаңалықтар