Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 7 мың отбасы балалы болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ аясында 7 мың квота бөлінді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ аясында бөлінген квота саны 7000-ға дейін көбейді. Осы орайда елімізде 20-дан астам тиісті орталық бар. Сондықтан стандартқа сәйкес дәрігерлері бар, құрал-жабдықтары жасақталған орталықтар бағдарламағы жүзеге асыруға қатысып отыр. Биылға да 7 мың квота бөлінді», - деді А. Ғиният Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Айта кетейік, бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған.

ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек.

Сондай-ақ, Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге (репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резерв) сәйкес келуі қажет.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылы Президент «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырды.

2022 жылдың аяғында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 6,5 мың әйелге көмек көрсетілгені хабарланды.

Нәтижесінде, 2650 отбасында 3110 сәби дүние есігін ашты.


Соңғы жаңалықтар