Биыл Алматыға Таяу Шығыс елдерінен келген туристер саны өткен жылғыдан 2,5 есе көп
2022 жылғы 9 тамыз 12:46

Биыл Алматыға Таяу Шығыс елдерінен келген туристер саны өткен жылғыдан 2,5 есе көп

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы Катардан келген бірінші ұйымдасқан іскерлік туристер тобын қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ірі ритейл компания Алматыға 47 қызметкерін жіберген. Саяхат кезінде 5 күн бойы араб туристері қаланың ең танымал көрнекті жерлерін аралайды.

Қазіргі таңда Алматыға Таяу Шығыс елдерінен туристер көптеп келуде. Бірінші тоқсанда қалаға 55 мыңнан астам шетелдік турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артық. Олардың бір бөлігі Катар, БАӘ, Сауд Арабиясы елдерінің инвесторлары мен туристері.

Мамандардың айтуынша, бұл қаланы халықаралық нарықта ілгерілету үшін Алматы қаласының әкімдігі мен туроператорлардың бірлесіп жүзеге асырған халықаралық іс-шараларының, әуе қатынасын қалпына келтіру мен шекараны ашудың арқасында мүмкін болған. Мысалы, «Dubai ATM - 2022» туристік көрмесіне, Катар, БАӘ, Сауд Арабиясы мен Оман елдерінің ірі қалаларындағы роуд-шоуларға қатысу.

«Алматы қарапайым саяхатшылар мен бизнес туристер арасында кең танылып келеді. Бүгін біз Катардан келген алғашқы ұйымдасқан іскерлік туристер тобын қарсы алдық. Қабылданған шаралардың арқасында Алматыға деген туристік дестинация ретіндегі қызығушылық артып отыр. Бұл жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Таяу Шығыстан туристік ағымды арттыру қаламыз үшін өте маңызды. Өзге елдермен салыстырғанда Таяу Шығыстан келген туристердің орташа чегі әлдеқайда жоғары», - деді «Алматы қаласының туристтік ақпараттық орталығы» ЖШС директоры Едіге Марғұлан.

Айта кетсек, 2021 жылдың соңында Алматы – Доха жаңа рейсі іске қосылды. Қазір осы бағыттағы рейстер саны аптасына төртке дейін көбейді. Qatar Airways жыл басынан бері 100 астам рейс жасады. Рейстер А-320 типті әуе кемесімен орындалады.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT