Биыл Алматыға 803 млрд теңге инвестиция тартылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Алматыға 803 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин Өңірлік коммуникация қызметінің алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері Алматыға 803 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,1%-ға жоғары. Тауар айналым 3,5%-ға артқан. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 3 пайыздан асуы мүмкін. ЖІӨ-дегі ШОБ-тың үлесі 52%» ,-деді ол.

Сонымен қатар, ол бүгінде Іскерлік кеңестің құрылымында мегаполис үшін жеті басым бағыт бойынша сегіз салалық комитет бар екенін тілге тиек етті.

«Ақылды қала», шетсіз қала, бастамаларға арналған қала, қауіпсіз қала, «жасыл» қала, мәдени креативті қала, Қазақстанның іскерлік астанасы. Биыл 30-ға жуық отырыс өткізілді. Өткен жылы пандемия кезінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Іскерлік кеңеспен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, дағдарысқа қарсы қолдау шаралары әзірленді. Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға бірқатар өзгерістер енгізілді – қаржыландыруды ұлғайту, салалық шектеулерді алып тастау, микро және шағын кәсіпкерлікті несиелендіру үшін жаңа бағыттарды енгізу, - деді Еркебұлан Оразалин.

Сондай-ақ, «Алматы бизнес» өңірлік бағдарламасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Оның ішінде Алатау, Наурызбай, Жетісу, Түрксіб сияқты қаланың белсенді емес аудандарында бизнесті дамытуды ынталандыру мақсатында 6% республикалық біріздендірілген мөлшерлеме аясында оларға 5%-бен кредит беру мүмкіндігі берілді.

Бұдан өзге, дағдарысқа қарсы шаралар аясында «Алматы Финанс» ЖШС және «Алматы» МҚҰ» ЖШС екі қаржы институтындағы сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7%-дан 6%-ға дейін төмендетілді, ең жоғары сома 300 млн-нан 500 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, кепілсіз несиелеу енгізілді және салалық шектеулер алынып тасталды.


Соңғы жаңалықтар