Биыл Алматыдағы Медеу ауданында 2500 жаңа жұмыс орны ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Достық үйінде «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалының кезектен тыс ХХІІІ конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында Медеу ауданы әкімі Ержан Жылқыбаев өткен жылы атқарылған партия жұмысының қорытындысын жариялады.

«Бүгінде «Нұр Отан» партиясы - XXI ғасырдағы саяси көшбасшы ұйым, мемлекетті дамуытудың қозғаушы күші. Бұл - ортақ идеяға біріккен миллионнан астам қазақстандықтардың саяси белсенді одағы. 20 жылдық қызметтің қорытындысын шығара отырып, партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасын талқылауға шақырамын. Елбасы айтқандай, біз барша азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлеміз»,- деді Ержан Жылқыбаев.

Ауданда партияның 10 мыңға жуық белсенді мүшесі бар, 63 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Мемлекет басшысы айтқан бағдарламалардың дер кезінде және мүлтіксіз орындалуына қоғамдық бақылау тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Баяндамашының айтуынша, аудан экономикасында ілгерілеушілік бар. Партия бағдарламасының көмегімен бизнесті қолдау өрістеуде. Бүгінде аудан аумағында 11 200 кәсіпорын орналасқан. 2018 жылы шағын және орта бизнес саласында 4 мың жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 101 млрд теңгеге жетті. Салық түсімі 2017 жылмен салыстырғанда 26 млрд теңгеге өсіп, 464 млрд теңге болды.

Биыл ауданда жаңадан 2 500 жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 орынға артық.

Сондай-ақ, конференцияда Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы: табыс пен өмір сүру сапасының артуы» Жолдауын жүзеге асыру аясында, жұмыспен қамту, еңбекақыны өсіру мәселелері сөз болды.

1 қаңтардан бастап Медеу ауданындағы 530-дан астам қызметкердің ең төменгі жалақысы 1,5 есеге өсті. Білім және медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы 35%-ға көбейді. Ауданда 11 медициналық мекеме 210 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Былтыр мұнда 1 млн адам қаралған. Денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша Медеу ауданы бесінші жыл қатарынан Алматы қаласы бойынша бірінші орында тұр. 2018 жылы жазғы кезеңде ауданның 24 мектебінде жалпы сомасы 62 млн теңгеден астам қаржыға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында соңғы екі жыл ішінде өткізілген аудандық «Оқушылар форумы» қорытындысы бойынша, жүйені дамытуға 160 млн теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Аталған қаражатқа спорттық алаңдар салынды, мектеп ғимаратының қасбеті жөнделді, мектеп техникасы сатып алынды.

Ауданда соңғы 3 жылда қазіргі заманғы жарықтандыру жабдықтарымен 400 аула қамтылды, ересектер мен балаларға арналған тренажерлер орнатылды, асфальт пен бордюрлар жөнделді. Бес жыл ішінде барлық аулалық аумақтар, саябақтар абаттандырылды. Алдағы уақытта ауданда газдандыру жұмысын толығымен аяқтау, заманауи диодтық жарықтандыруға көшу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, конференция жұмысына «Нұр Отан» партияcының депутаттық фракциясының мүшелері - ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Дархан Мыңбай, партия аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ержан Жылқыбаев, аудандық филиал Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, бастауыш партия ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Отырыс соңында «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының конференциясына делегаттар сайланды.

Соңғы жаңалықтар