Биыл Алматыдағы қисайған 17 көпқабатты үйдің іргетасы нығайтылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл «Зерделі» шағынауданында қисайып кеткен 17 көпқабатты үйді қайта қалпына келтіру көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, «Зерделі-6» шағынауданында қисайып кеткен көпқабатты үйлерді зерттеу жұмыстары 2020 жылдың қараша айында аяқталады.

«Біз барлық құжатты әкімдікке тапсырдық. Қашан және қай үйдің іргетасын нығайту керектігін әкімдік шешеді. Біз өз жұмысымызды техникалық жағынан орындадық. Ал нығайту, қалпына келтіру, аяқтау жұмыстары туралы сұраққа әкімдік жауап береді» деп түсіндірді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ баспасөз қызметі.

Өз кезегінде әкімдік былтыр «Зерделі» шағынауданында қисайған 7 үйдің қалпына келтірілгенін хабарлады. Биыл тағы 17 көпқабатты үйдің іргетасы нығайтылатынын атап өтті.

Бұған дейін «Зерделі» шағынауданында орналасқан барлық көпқабатты 32 тұрғын үйге тексеру жүргізу үшін 312 миллион теңге бағытталғанын жазған болатынбыз.

Еске салайық, 2019 жылы Алатау ауданындағы «Зерделі» шағын ауданының тұрғындары үйлерінің қисайғанын айтып, дабыл қаққан болатын.

Кейін Бақытжан Сағынтаев қисайған үйдің тұрғындарымен кездесіп, әкімдік оларды көшіруге дайын екенін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар