Биыл «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 1 мың жас баспаналы болады
2022 жылғы 16 мамыр 16:53

Биыл «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 1 мың жас баспаналы болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 1000 пәтер қолданысқа беріледі. Бұған 18 млрд теңге қаралған. Бұл туралы брифинг барысында қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы қаласының 35 жасқа дейінгі жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 18 мамыр мен 1 маусым аралығында арнайы құрылған «Алматы жастары» сайтында жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру үшін өтініш пен құжат қабылданады.

Сайтта өтініштер мен құжаттарды беру электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады.

Ұпайларды автоматты түрде есептеу үшін электронды калькулятор енгізілген.

Сонымен қатар сайттағы жеке кабинет арқылы берілген өтініштердің мәртебесін өз бетінше қарау мүмкіндігі бар.

«1 маусым сағат 23:59-да өтініш қабылдау толық аяқталады және 2 мауысымнан бастап бүкіл өтініштер жүктеледі. Бұдан әрі 20 жұмыс күні ішінде келіп түскен өтініштердің бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріліп, әр санатта жиналған балл санымен тізім құралады»,-деді Ермек Әміров.

Аталған бағдарламаның бюджеті 18 млрд теңге. Берілетін қарыздың ең жоғарғы шегі - 18 млн теңгеге дейін, пайыздық мөлшері 5%, бастапқы жарнасы - 10 пайыз.

Бұл бағдарламамен бастапқы және қайталама тұрғын үйді сатып алуға болады. Биыл аталған бағдарламамен 1000 адамды қамту жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, ең төменгі пайызбен берілетін «Алматы жастары 3.0» бағдарламасы 2020 жылы басталған.

Өтініш бере алатын азаматтар санатына Алматыдағы мемлекеттік қалалық және республикалық мекемеде еңбек ететіндер, дәрігерлер мен мейірбикелер, педагогтар мен тәрбиешілер, әртістер, жазушылар, мәдениет саласының мамандары, жаттықтырушылар мен спортшылар, ЖОО оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік сала мамандары: журналистер мен БАҚ қызметкерлері (мемлекеттік және коммерциялық), өндірістік салада еңбек ететіндер кіреді.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT