Биыл Алматы облысының тұрғындарынан 92 миллион теңгеге жуық айыппұл өндірілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының тәртіп сақшылары алты ай ішінде сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен 48 219 құқық бұзушылықты анықтаған. Ал биыл өңір тұрғындарынан 92 миллионға жуық әкімшілік айыппұл өндірілген, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тіркелген тәртіп бұзу дерегі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, құқық бұзушылардың мекенжайына жолданды.

«Облыстағы бейнебақылау камералары «Автоураган», «Крис-П» және «Интегра» жүйелерінде жұмыс істейді. Бейнебақылау камералары тіркеген құқықбұзушылық автоматты түрде өңделіп, облыстық Әкімшілік полиция қызметкерлері тарапынан құқық бұзушыға әкімшілік айыппұлды төлеу туралы хабар беріледі немесе пошта желісі арқылы мекенжайына хат жолданады»,- деді облыстық ПД Әкімшілк полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Нұржан Таңатаров.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта жаңа жүйе негізінде айыппұл төлеушіге ақпаратты полицейлер емес, пошта қызметкерлері жеткізеді. Біріктірілген жүйе бойынша тәртіп бұзушылық туралы ақпаратты пошта қызметкерлері Әкімшілік полиция басқармасынан электрондық нұсқада алады.

Полицейлердің ақпараты бойынша, Алматы облысы аумағында 270 бейнекамера жол және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Бейнекамералардың тәулік бойы түсірген жазбалары өңделіп, құқық бұзушылықтарды анықтауға және қылмыстарды тезірек ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан, полицейлер келешекте занамауи талаптарға сай бейнебақылау камераларын орнатуды жоспарлауда.

«Биыл облыс тұрғындарынан 92 миллионға жуық әкімшілік айыппұл өндірілді. Құқық бұзушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл салынғаны туралы ақпаратты алған күннен кейін 7 күн ішінде айыппұл сомасының жартысын төлей алады. Немесе, 1 ай мерзімде толық өтеуі тиіс. Әкімшілік айыппұл бір ай мерзімде ерікті түрде төленбесе, тәртіп сақшылары оны жеке сот орындаушылары арқылы мәжбүрлі түрде өндіруге құқылы»,- деп толықтырды полиция полковнигі Нұржан Таңатаров.


Соңғы жаңалықтар