Биыл Алматы облысында 200-ден астам жасөспірім қыз жүкті болып қалған
2022 жылғы 18 мамыр 20:21

Биыл Алматы облысында 200-ден астам жасөспірім қыз жүкті болып қалған

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл Алматы облысында 204 жасөспірім жүкті болған. Олардың жасы 15-17 аралығында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай өкінішті статистика бүгін дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі және жастар саясаты мәселелері жөнінде тұрақты комиссияның отырысында айтылды.

Бұл комиссияға Алматы облыстық мәслихат депутаттары мүше.

«Биыл 1 мамырға дейін облыста 204 қыз бала жүкті болған. Олар 15-17 жаста. Ал былтырғы 1 мамырдағы көрсеткіш бойынша олардың саны 228 жеткен. Жүкті болған қыздардың басым бөлігі - колледжде оқитындар»,- деді Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Елдар Сапаров.

Ведомство өкілінің айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2021 жылы Алматы облысында NЕЕT санатындағы жастар саны 21 560 адамға жеткен. Олардың білімі жоқ. Еш жерге жұмысқа орналаспаған.

«Қазір осындай жастарды жұмыспен қамту үшін түрлі жобалар жүзеге асып жатыр. Мәселен, Zhas project жобасы бар. Аталған жобаны іске асыру үшін республика бойынша 380,7 млн теңге бөлінді. 4 өңірде жалпы 250 шағын грант көзделген, оның ішінде Алматы облысына 63 жобаның әрқайсысына 1 млн теңгеден қарастырылған. Жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады»,- деп толықтырды Елдар Сапаров.

Айта кетейік, жалпы Алматы облысында 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны - 391 016. Оның ішінде ауылдық жерлерде - 311 508, қалада - 79 508 жас бар.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT