Биыл Алматы облысында 10 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Биыл Алматы облысында 10 ауыл орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады. Олардың ішінде Алакөл, Жамбыл, Сарқан, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарындағы елді мекендер бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі берген мәліметке сәйкес, тіршілік нәрі Алакөл ауданындағы Қазақстан, Жыланды ауылдарына беріледі. Сондай-ақ бұл тізімде Еңбекшіқазақ ауданындағы төрт ауыл яғни, Казатком, Ащысай, Екпінді, Көлді, Жамбыл ауданындағы Қайназар, Сарқан ауданының Кәкімжан, Еркін, Ұйғыр ауданындағы Большой Декхан елді мекендері бар.

Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Асқар Кенженовтың айтуынша, жалпы биыл өңірде 51 жобаны жүзеге асыру көзделген.

«Ағымдағы жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы шеңберінде 51 жобаны іске асыруға 9,9 млрд.теңге бөлінді. Оның 6,3 млрд теңгесі республикалық бюджет, 3,6 млрд теңгесі жергілікті бюджеттің қаржысы. Биыл 10 ауылға орталықтандырылған сумен қамтамасыз етумен қатар, құбырларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу де қарастырылған. 2019 жылдың соңында орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 2018 жылмен салыстырғанда 1,4%-ға ұлғаяды. Бұл 91%-ті құрайды немесе 675 ауыл орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізеді деген сөз», - деді Асқар Кенженов.

Бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша 742 елді мекеннің 665-і (89,6%) орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 2025 жылға дейін орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз ету деңгейін 95% жеткізу немесе 700 елді мекенді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасының сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне ресми кірісу рәсімінде елді дамытудың негізгі 10 бағына мән беру керектігін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар