Биыл әлеуметтік қолдау бағытында қандай нәтижелер болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда қазына шығынының басым бөлігі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатына, яғни әлеуметтік дамуға бағытталған. Оның қатарында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және мәдениет бар. Бюджет шығыстары құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50 пайыз шамасында. 2022 жылы әлеуметтік салаға бағытталған қаражат сомасы өседі. Шығыстардың өсуі жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің ұлғаюына, сондай-ақ мұғалім мен дәрігер жалақысының көтерілуіне байланысты болды. Осы орайда осы саланың өзектілігін ескере отырып, биыл әлеуметтік бағыттаңы атқарылған жұмыстар бойынша мәліметтерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы желтоқсан айының басындағы ақпаратына қарағанда, 2021 жылы мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 360 мыңнан астам қызмет алды.

«Биылдың басынан бастап 266 мыңнан астам мүгедектігі бар адам Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ), 6 мыңнан астам ымдау тілі қызметтерін, 33 мыңнан астам жеке көмекшінің қызметтерін, 55 мыңға жуық санаторлық-курорттық ем алды. Сондай-ақ, Портал арқылы кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға 210 мың тапсырыс рәсімделді. Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады», - делінген министрлік ақпаратында.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінгі күні Порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 795 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 157 ОТҚ жеткізуші, 15 мыңнан астам жеке көмекші, 262 ымдау тілін қызметін, 79 санаторлық-курорттық емдеуді, 135 кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізуші тіркелген.

Ведомство мәліметінше, 2021 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 283,5 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты 74 млрд теңге бағытталды.

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 520,8 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 161,9 мың адамды құрайды.

Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдар санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңында белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектік жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 49 198 теңгені, асыраушыдан айырылу жағдайында 46 050 теңгені құрады.

Көпбалалы отбасыларды қолдау

2021 жылғы қаңтардан бастап қарашаны қоса алғандағы аралықта көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдерімен жалпы сомасы 261,7 млрд теңгеге орта есеппен 446,4 мың отбасы қамтылды. Соның ішінде қарашада жәрдемақының бұл түрін 471,4 мың отбасы жалпы сомасы 26,6 млрд теңгеге алды.

Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері балалардың санына байланысты сараланып төленеді және 2021 жылы 46 760 теңгені (4 бала), 58 457 теңгені (5 бала), 70 154 (6 бала) теңгені, 81 852 теңгені (7 бала), 8 балаға – 93 344 теңгені, 9 балаға – 105 012 теңгені, 10 балаға – 116 680 теңгені, 11 балаға – 128 348 теңгені, 12 балаға – 140 016 теңгені, 13 балаға – 151 684 теңгені, 14 балаға – 163 352 теңгені, 15 балаға – 175 020 теңгені, 16 балаға – 186 688 теңгені немесе әр балаға 11 668 теңгені құрайды.

Еске сала кетейік, көпбалалы отбасыларға олардың кірістерін есепке алмай берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген болатын.

Атаулы әлеуметтік көмек

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 198,1 мың отбасындағы 988,8 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 68,5 млрд теңге бөлінді.

АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру аясында еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

2021 жылғы 1 желтоқсанда АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 265,1 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды.

Айта кетейік, АӘК алушыларға ТЖ тәртібі мен карантиндік шектеу шараларының қолданылуына байланысты 2020 жылғы II, III және IV тоқсандарда, сондай-ақ 2021 жылғы I, II тоқсандарда көмек тағайындау ұзартылды.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.

Зейнетақы және бюджет

2021 жылдың қаңтар-қараша айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 750,8 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне 1 трлн 696,4 млрд теңге бағытталды.

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 233 мың адамды құрады.

«Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы) 2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 99 726 теңгені құрады», - делінген Еңбек министрлігі мәліметінде.

Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер (МЗЖ) зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді.

Егер бір ай ішінде МЗЖ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы

Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 629,3 мыңнан астам адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары болды. Оларға 764,7 мың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары көрсетілді. 470,2 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның

359 мыңы тұрақты жұмысқа тұрды.

Бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді курстарға 16,9 мың адам, ТжКБ бойынша оқуға 15 мың адам жіберілді.

8,4 мың адам өз ісін ашу үшін жеңілдікті микрокредиттер, ал 28,2 мың адам қайтарымсыз мемлекеттік грант алды.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 177,8 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарына 18,2 мың адам; жастар практикасына – 26 мың адам; қоғамдық жұмыстарға – 133,5 мың адам.

Еңбек ресурстарының ұтқырлығы аясында 2 092 отбасы немесе

7 016 адам қоныс аударды, оның ішінде 2 610 адам еңбекке қабілетті жаста болып отыр. Оның ішінде 2 067 адам жаңа тұрғылықты жерінде тұрақты жұмысқа орналастырылды және 172 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады, 7 адам оқуға жіберілді.

Жол картасы нәтижелері

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы (ЖҚЖК) аясында орташа жалақысы 91 мың теңгеден асатын 10,1 мың жұмыс орны құрылды.

ЖҚЖК жобалары мынадай 4 негізгі бағытқа бөлінген:

– халықтың өмір сүру сапасын арттыру;

– ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру;

– агроөнеркәсіптік кешенді дамыту;

– өңірлерде бизнесті дамыту.

Қазіргі уақытта ЖҚЖК аясында 248 инфрақұрылымдық жобада құрылыс жұмыстары жүргізілуде, тағы екеуі іске асырудың бастапқы кезеңінде. Жобалар бойынша өңірлерде 485 мониторингтік тексеру жүргізілді.

Осы орайда 27 жоба аяқталып (Қостанай облысында – 2, Нұр-Cұлтан қаласында – 1, Шымкент қаласында – 6, Атырау облысында – 1 және Жамбыл облысында – 17), оларда 302 тұрақты жұмыс орны құрылды (Қостанай облысында – 103, Нұр-Cұлтан қаласында – 125, Шымкент қаласында – 13 және Жамбыл облысында – 61).

Сонымен қатар, ЖҚЖК екінші бағыты аясында өз ісін ашуға немесе дамытуға жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеден астам сомаға 667 микрокредит берілді.

Ведомствоаралық комиссияның отырысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ауқымында жалпы сомасы 100 млрд теңгеге 40 инвестициялық жобаның тізбесі бекітілді. Бүгінгі күні 4,3 млрд теңге сомасына 7 инвестициялық жобаны қаржыландыру жүзеге асырылды.

Естеріңізге сала кетейік, ЖҚЖК аясында 2021 жылы барлық бағыттар бойынша 42,5 мың жұмыс орны құрылады, оның 28,8 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары болады.

Жұмыс іздеп жүрген қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына (ХЖҚО) бару арқылы ЖҚЖК аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатыса алады.

Халықты жұмыспен қамту орталықтары уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, жұмыспен қамту органдарында жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар ретінде тіркелгендер, сондай-ақ жұмыстан босатылатын адамдар, жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген адамдар, студенттер қатарынан қажетті біліктілігі бар мамандарды іріктейді және оларды инфрақұрылымдық жобаны іске асыратын жұмыс беруші-мердігерге жібереді.

ХЖҚО арқылы инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналастыру кезінде жұмыссыз жастарға, NEET санатындағы жастарға, сондай-ақ денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда студенттерге басымдық беріледі.

ХЖҚО қажет болған жағдайда инфрақұрылымдық жобаға жұмысқа орналастыруға кепілдік бере отырып, тиісті жұмыстарды орындау үшін жұмыс беруші-мердігердің/қосалқы мердігердің өтінімдері бойынша кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етеді.

ХЖҚО бағыттары бойынша жұмысқа орналасқандардың жалақы мөлшері салықтарды, әлеуметтік төлемдерді және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, ең төменгі жалақының кемінде екі мөлшері (85 мың теңге) деңгейінде белгіленеді.

Жұмысынан босағандарды қолдау

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 100,1 мың адамды құрады. Бұл ретте биыл 73,3 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

- eGov.kz порталында авторизациялану;

- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;

- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы (ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге ХЖҚО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);

Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Айта кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.

Бұл жұмыссыздарды тіркеу және азаматтардың жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады.

Қазақстандағы шетелдік мамандар

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 15 527 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруда.

Шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 643 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 210 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 748 адам және 735 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 134 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында – 2 057 адам тартылған.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 261 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 460 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 97%-ын құрайды.

Еңбекші мигранттар шығатын негізгі елдер келесі: Қытай – 3 784 адам, Ұлыбритания – 1 996 адам, Түркия – 1 985 адам, Үндістан – 1 182 адам, Өзбекстан – 1 138 адам.

Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың орынды құрады.

Жұмысшылардың құқығын қорғау

Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 956 кәсіпорнында 24,5 мың жұмыскердің алдында 5,5 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешекті анықтады.

Осы кәсіпорындардың басшыларына орындалуы міндетті 991 нұсқама беріліп, 133,5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Қабылданған шаралар, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеу нәтижесінде 23,1 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 5,3 млрд теңге төленді.


Соңғы жаңалықтар