Биыл Ақтөбеде 50 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Биыл Ақтөбеде 50 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылады. Жоспар бойынша ет және сүт өндіру 5-6 пайызға артады. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы Ақтөбеде 1 200 жеке шаруашылықтың басын біріктірген 107 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның ішінде 73-і ет және сүт бағытында, 28-і көпсалалы кооператив. Сонымен қатар, 4 кооператив дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы түрлерін дамытуды қолға алды. Екеуі көкөніс өсіреді.

Шаруашылық жұмысын жандандыру үшін 13 тоңазытқышы бар, 13 сүт таситын көлік, 4 тіркемелі цистерна, 2 сүт қабылдау бекеті жұмысын бастады. Техника шикізатты жинау және оны өңдеу кәсіпорындарына жеткізу жұмыстарын сапалы орталықтандыру жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.

«Өңірде азық-түлікпен қамту көрсеткіші 70 пайызды құрап отыр. Ал ауыл шаруашылығына арналған жердің тек үштен бір бөлігі ғана пайдаланылып жатыр. Жерді игеру жұмысын жандандырылып, жыл сайын ет-сүт өнімін өндіру көлемін 5-6 пайызға арттыру керек»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Биыл 50 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы коопаративінің жүктемесін арттыру үшін кооперативтер базасы аясында қызмет көрсету-дайындау орталықтары ұйымдастырылады. Жоспарланған жұмыстар аясында 2017 жылы ет өңдеу 32 пайыздан 35 пайызға, сүт өңдеу 31 пайыздан 37 пайызға артады деп күтілуде. 

Соңғы жаңалықтар