Биыл Ақтөбе облысында 718 мың гектарға егін егіледі

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Биыл Ақтөбе облысында егін алқабының көлемі артады. Барлығы 718 мың гектар жер өңделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның ішінде 368,3 мың гектар жерге дәнді және бұршақты дақыл, 88 мың гектарға майлы дақыл, 250 мың гектарға мал азығы, 6,6 мың гектарға картоп, 5,5 мың гектарға бақша дақылдары егілмек.

Қазіргі кезде көктемгі егін науқанына дайындық жүріп жатыр. Ақтөбе облысы бойынша Әйтеке би, Хромтау, Қарғалы, Мәртөк аудандарында жұмыс қарқыны басым. Шаршуаларға барлығы 49 мың тоннадан астам тұқым қажет болса, қазір қоймада сақталғаны 53 мың тоннадан асады. Былтыр өнім мол түсіп, биыл оның пайдасы тиді.

«Биыл жауын-шашын көлемі былтырғыға қарағанда едәуір жоғары. Күздегі жауын кезінде жерге ылғал мол сіңіп, тоң 1 метрге жетті. Бұл егіс жұмыстарына оң әсір етеді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары мұны сәтті пайдалана алады деп ойлаймыз. Тіпті егіс көлемін де арттыруға болады. Сонымен бірге қардың қалыңдығы кем дегенде 30 см құрады. Қар тоқтату жұмысы да қарқынды. Биыл 80 мың гектар жерде қар тоқтару жұмысы жүргізілді», - деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Исатай Еспағанбетов.

Биыл облысқа 9800 тонна дизель отыны бөлінді. Барлығы 560 шаруа қожалығына беріледі. Жеткізуші операторлар анықталып, бағасы литріне 207-211 теңгені құрайды.

«Биыл ауыл шаруашылығы паркін жаңарту жұмысы жалғасады. Шаруалар қаржыны қаржы инситуттары арқылы алады. Биыл 1140 техника сатып алынады. Оның 500-ден астамы мал азығын дайындайтын техника. Трактор да аса қажет», - деді Исатай Еспағанбетов.

«Кең дала» бағдарламасы аясында өңірге 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Өтінім қабылданып жатыр. Субсиядияға бөлінген қаржы көлемі – 1,3 млрд теңге. Оның 480 млн теңгесі тұқым шаруашылығын дамытуға бағытталады. Ал 323 млн теңгесі минералды тыңайтқыш алуға жұмсалады.


Соңғы жаңалықтар