Биыл Ақмола облысында 5,1 миллион гектарға тұқым себіледі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биылғы жылы Ақмола облысында 5,1 миллион гектарға тұқым себу жоспарланған. Оның ішінде 4,6 миллион гектары дәнді дақылдар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде.

«Науқанға барлығы 18 мыңнан астам тұқым себетін техника мен өнімділігі жоғары егіс кешені жұмылдыралады. Замануи ауыл шаруашылығы техникасының күшімен егістік алқабының 70 пайыздан астамын еңсеру көзделген. Осы бағытты биылғы жылдың басынан бері 9 миллиард теңге қаржыға 229 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның 65 трактор, 48 комбайн, 22 егіс кешені және 94 басқа да түрлі техника», - деді ведомстводан.

Сонымен бірге, биылғы жылғы тұқым себу жұмыстарына қажетті 530 мың тонна тұқым қоры да бар. Өңірде диқандарды қажетті жанар-жағар маймен қамтамасыз ету мәселесі де біртіндеп шешілуде.

«Осы ретте, аймаққа Үкімет тарапынан арзандатылған бағамен 72 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Бұл қажетті қордың 95 пайызы. Қазіргі уақытта, дизель отынына төлем жүргізу және отынның өзін аудандық терминалдарға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Дизельдік отынның 1 литрінің бағасы 208 теңгені құрайды. Минералды тыңайтқыштар сатып алу жұмыстары да одан әрі жалғасуда. Бүгінгі таңда жоспардағы 100 мың тонна тыңайтқыштың 37 мың тоннасы сатып алынды», - деді ведомстводан.

Бүгінге дейін көктемгі-дала жұмыстарын несиелеуге өңірде «Кең дала» бағдарламасы бойынша «ҚазАгро» филиалдары арқылы 2,6 миллиард теңгенің сомасына 76 өтінім қаржыландырылды. Бұдан бөлек, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы арқылы «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кепілдігімен ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатқа Үкімет тарапынан 23 миллиард теңге бөлініп, осы қаржының есебінен 13 миллиард теңге көлемінде 67 өтінім қаржыландырылды.

«Жалпы, биыл Ақмола облысында 5,1 миллион гектарға тұқым себу жоспарланған. Оның ішінде 4,6 миллион гектары дәнді дақылдар. Бұл жоспарланып отырған егістік көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 53,4 мың гектарға көп. Дәнді дақылдардан бөлек, 17 мың гектар жерге картоп, 2,7 мың гектардан астам жерге көкөніс отырғызу жоспарлануда. Мал азығы дақылдары да 185,5 мың гектарға себілетін болады», - деп толықтырды ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар