Биыл Ақмола облысында 250 адамға арналған екі бірдей емхана пайдалануға берілмек

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысында 250 келушіге арналған екі бірдей емхана пайдалануға беріледі.

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен өткен әкімдік мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары В.Балахонцев мәлім етті.

Оның айтуынша, аталған 2 емхананың бірі Ақкөл қаласында, екіншісі Зеренді селосында пайдалануға берілмек.
«Салынып жатқан медициналық нысандардың екеуі де 250 келушіге арналған. Ағымдағы жылдың наурыз және сәуір айларында тапсыру жоспарланып отыр», - дейді В.Балахонцев.
Сонымен қатар, ол Державинск қаласында салынып жатқан емханасы бар 70 орындық аурухананың құрылысы аяқталатынын атап өтті.
Оған қоса Ақкөл қаласында қалпына келтіріліп жатқан балалар үйі де ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға берілмек.

«Қазіргі кезде Бурабай ауданының Веденовка және Атамекен ауылдарында, Зеренді ауданының Троицкое ауылында және Есіл ауданының Интернациональное ауылында 25 келушіні қабылдайтын 4 дәрігерлік амбулаторияның және Астрахан ауданының Петровка ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы жүргізілуде.
Маусым айында Целиноград ауданының Қабанбай ауылында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға беру көзделген.
Сондай-ақ, Еңбекшілдер ауданының Мақпал аулында, Целиноград ауданының Тайтөбе ауылында және Ерейментау ауданында бір-бір мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған», - деді В.Балахонцев.
Осы орайда аймақ басшысы қолға алынған барлық әлеуметтік нысандардың құрылысын қайткен күнде де аяқтап, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін өзге де әлеуметтік нысандардың жобалық сметалық құжаттамасын тез арада әзірлеуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар