Биыл Ақмола облысында 120 мың адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмек

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 2018 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен Ақмола облысында жалпы сомасы 3,6 миллиард теңгеге 88 мың адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ал 2019 жылы 5 миллиард теңгеге 120 мың адамды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Тегін берілетін дәрілердің белгілі бір тізбесі бар. Бұл тізім ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығында көрсетілген. Сонымен қатар, тегін дәрі-дәрмектерді белгілі бір дәріханалардан ғана алуға болады. Олардың тізімін тұрғылықты жерде бойынша тіркелген емханадан алуға болады. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде барлық препараттарды сатып алу және жеткізіп беру бойынша бірыңғай дистрибьютор ретінде "СК-Фармация" ЖШС анықталды. Ал, қаржыландыру ӘМСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады", деп мәлім етті Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Болат Әбішев.

Ал, "СК-Фармация" ЖШС-нің Ақмола облысы бойынша өкілі Роза Тілеспаеваның айтуынша, ағымдағы жылдың 28 қаңтарынан бастап дәрі-дәрмектер жеткізіле бастады.

"Ақмола облысында 235 миллион теңгенің 177 атаулы дәрі-дәрмегі тиелді. Көкшетау қаласы бойынша бұл көрсеткіш 105 миллион теңгеге жетті. Қазіргі кезде, қаңтар айының қалғаны мен ақпан айының медициналық препараттарды жеткізілуде ", деп толықтырды "СК-Фармация" ЖШС-нің Ақмола облысы бойынша өкілі Роза Тілеспаева.

Сонымен қатар, ол тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты сауалдарды Қазақстан Республикасы бойынша 1439 телефон нөміріне тегін қоңырау шалып, сұрап білуге болатындығын да атап өтті.

Соңғы жаңалықтар