Биыл Ақмола облысы егістік алқаптың көлемін 5 миллион гектарға ұлғайтпақ

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысы егістік алқаптың көлемін 5 миллион гектарға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы облыс әкімі Қ. Айтмұхаметовтің төрағалығымен өткен агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің көктемгі дала жұмыстарына дайындық шаралары және жауапты науқанды ұйымшылдықпен сапалы өткізу жөніндегі облыстық кеңесте айтылды.

Кеңеске ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабай Ерғалиев, ауылшаруашылығы тауар өндіруші компаниялары өкілдері мен қала және аудан әкімдері қатысты. Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игерудің 60 жылдығын мерекелеу жылы облыстың агроөндірістік кешені алдында көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы әрі тиісті агротехникалық деңгейде өткізіп, биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол астық алудың сенімді негізін құру міндеті тұр.

"Биыл Ақмола облысы егістік алқаптың көлемін 5 миллион гектарға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылғы деңгейден 35,6 мың гектарға жоғары. Егістік алқаптар құрылымын оңтайландыру аясында облыс бойынша басымдық дақылдар алқаптарын ұлғайту есебінен 2013 жылғы деңгейден 45 мың 100 гектар, дәнді және бұршақты дақылдар алқабын қысқарту көзделуде. Егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында өңірде жыл сайын майлы дақылдар алқабының көлемі ұлғайтылуда. Биыл майлы дақылдар алқабы 279 мың 200 гектарды құрайды. Бұл өткен жылғы деңгейден 26 мың 900 гектар артық. Азықтық дақылдар да 530 мың 500 гектар алқапқа себіледі ", - дейді Қ.Айтмұхаметов.

Сонымен қатар, бүгінгі күні диқандар алдында ылғалды сақтау технологиясын қолданып, барлық агротехникалық жұмыстарды тиісті деңгейде өткізу мәселесі тұр. Биыл ылғалды сақтау технологиясын қолданатын алқаптар көлемі 3 миллион 200 гектарға дейін жеткізу көзделуде. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 30 мың гектарға жоғары.

Еске сала кетсек, Ақмола облысы өткен жылы көктемгі дала жұмыстары барысында 4,5 миллион гектардан астам жерге дәң сіңіріп, қоңыр күзде 5 миллион тоннадан астам астық жинаған болатын.

Соңғы жаңалықтар