Биыл АИ-92 маркалы бензинді экспортқа шығарамыз - Бозымбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылда Қазақстанның ішкі нарығы толығымен отандық жанар-жағармаймен қамтамасыз етіледі. Үш мұнай өңдеу зауыты бензинді артығымен өндіреді деген болжам бар. Сол себепті мұнай өнімдерін экспортқа шығаруға тура келеді , деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қазірдің өзінде мұнай өнімдерінің профициті байқалады. Резервте АИ-92 маркалы бензиннің көлемі 316 мың тоннаны құрап отыр. Бұл нақты сұраныстан бір жарым есеге артық. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауыты толығымен іске қосылғаннан кейін артық жанар-жағармайдың көлемі арта түседі. Сол кезде резервтің көлемі 560 мың тоннадан асады.

«Сол себепті бізге мұнай өнімдерін экспортқа шығаруға тура келеді. Әзірше, экспорт жабық. Ресеймен арадағы келісім де бар. Енді, оны өзгерту керек. Біз Ресейдегі әріптесім екеуіміз (осы елдің энергетика министрі Александр Новак - авт.) үнемі байланыстамыз. Өкінішке қарай, мамырда тиісті келісімді рәсімдей алмадық. Аталған құжатқа сәйкес, біз ортақ нарықты басқаша реттеуді көздейміз. Соның нәтижесінде қазақстандық мұнай өнімдеріне экспортқа жол ашылады. Енді, Ресейде сайлау болды және тағысын тағы. Содан келісімді рәсімдей алмадық. Маусымда аталған құжатты рәсімдейміз деген үміт бар. Қыркүйектің аяғына дейін Парламенттен өткізіп алсақ, қазан-қараша айында экспорт ашылады», - деді Қ.Бозымбаев бүгін қоғамдық кеңестің отырысында.

Министрдің сөзіне қарағанда, жазда ресейлік бензинді теміржолмен жеткізуге тыйым салу жоспарланып отыр. Себебі онсыз да отандық жанар-жағармайдың көлемі жеткілікті. «Шымкент мұнай өңдеу зауытының модернизациясы аяқталғанда дизельді отын жағынан да өзімізді толығымен қамтамасыз ете аламыз. Ал маусым айында авиакеросинді сертификаттауды аяқтасақ, ішкі сұраныс толығымен өтеледі. АИ-92, АИ-95, дизель отын мен авиакеросин бойынша ешқандай қиындық болмайды. Естеріңізде болса, аталған жұмыс 2013 жылы басталған болатын. Міне, бес жылдың ішінде ішкі нарықты отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету міндетін орындап отырмыз», - деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев.
null 

Айта кетейік, бүгінгі кеңесте Қ.Бозымбаев мұнай өндіру көлеміне қатысты болжам жасады. Оның айтуынша, Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 104 млн тоннаға жететін болады.  Жақын арада Қазақстан ішкі нарықты отандық жанар-жағар маймен толығымен қамтамасыз ете алады. «Биыл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңарту жұмыстары аяқталады. Сосын мұнай өңдеу зауыттарын жыл сайын жөндеу уақыты 45 күннен 20 күнге дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Енді, 45 күндік жөндеу жұмыстары үш жылда бір рет қана жасалады. Бұның барлығы жөндеу жұмыстарын басқарудың автоматты жүйесі аясында атқарылады. Аталған жүйені біз ағымдағы жылда енгізетін боламыз. Ал жөндеу мерзімі қысқарғаннан кейін мұнай өңдеу көлемі артады. Алдағы уақытта біз ішкі нарықты толығымен отандық жанар-жағар маймен қамтамасыз ете аламыз», - деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев. Бұдан бөлек, төртінші мұнай өңдеу зауытының теxникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Күзде жаңа зауыттың қай жерде орналасатыны белгілі болады. 

Соңғы жаңалықтар