Биыл агроөнеркәсіп кешенінде 300-ге тарта жоба жүзеге асады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл агроөнеркәсіп кешені саласында құны 536 млрд теңге болатын 291 жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылы 536,2 млрд теңге сомасына 291 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша 3,9 млрд теңге сомасына 6 жоба, мал шаруашылығы саласында 155,2 млрд теңге сомасына 119 жоба, өсімдік шаруашылығы саласында 122,7 млрд теңге сомасына 75 жоба, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 27,9 млрд теңге сомасына 25 жоба, өсімдік өнімдерін қайта өңдеу саласында 35,9 млрд теңге сомасына 20 жоба бар», - деді Ербол Қарашөкеев.

Оның атап өтуінше, 2022-2025 жылдарға арналған жемшөп өндірісін дамыту жол картасы аясында шаруашылықтармен ғылыми негізделген ауыспалы егісті пайдалануға беру, егістік алаңдарын оңтайландыру жоспарларын құру, жер заңнамасы талаптарына сәйкестігіне жерді жалға алу келісімшарттарын тексеру және тағы сол сияқты іс-шаралар қабылданып жатыр.

«Кейіннен ет терең өңдеумен 10 мың бас малға арналған және 8 мың бас малға арналған мал шаруашылығы кешендерін құру жоспарланып отыр. 2022 жылы Азық-түлік корпорациясы 930 мың тонна бидай мен 10,5 мың тонна күнбағыс сатып алды. Биыл 230 мың тонна бидай мен 7,6 мың тонна күнбағыс сатып алу жоспарланған. Жалпы, картоп пен көкөністерді сақтауға қатысты инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша 2023 жылдың соңына дейін 111,5 мың тонна өнімге 29 жоба енгізу жоспарланған еді. Сақтау қоймаларымен қамтамасыз етудің нақты жағдайын анықтау үшін министрлік Сауда және интеграция министрлігімен және облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, барлық көкөніс қоймаларына категорияларға жіктеу арқылы тексеру жүргізілетін болады. Оның нәтижесі бойынша жоспар 2023-2025 жылдарға арналған сақтау қоймаларын салуды арттыру жағына қайта қаралады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар