Биыл 90 млн тоннадан астам мұнай және газ конденсаты өндіріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мұнай және газ конденсатын өндіру ағымдағы жылы 91 млн тонна және 2019 жылы 93 млн тонна деңгейінде күтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ұлттық банкінің мәліметтеріне сілтеме жасап.

Ұлттық банк зерттеулеріне сәйкес, тауарлар экспорты ағымдағы шоттың жай-күйін айқындайтын негізгі құрауыш болып табылады. Негізгі экспорттық тауарлар мыналар: мұнай және газ конденсаты (2017 жылы олардың экспорттағы үлесі 59,8 пайызды құрады), қара (8,7%) және түсті (10,1%) металдар.

«Мұнай және газ конденсатын өндіру ағымдағы жылы 91 млн тонна және 2019 жылы 93 млн тонна деңгейінде болады деген болжам бар. Әлемдік тауар нарықтарындағы қолайлы конъюнктура сақталады және Қазақстанның негізгі экспорттық нарықтарында экономиканың орнықты өсуі күтіледі. 2018 жылы тауарлар экспорты 37,4 пайызға өседі. 2019 жылы мұнай бағасының бір баррель үшін 60 долларға дейін сценарийлік төмендеуі жағдайларында экспорттың 1,1 пайызға қысқаруы болжанады», - деп атап өтеді қаржылық реттеуші.

Тауарлар импортының өсуі барлық болжамдық кеңістікте жалғасады. Базалық сценарий кезінде ішкі сұраныстың ұлғаюы тауарлар импортының 2018 жылы 8 және 2019 жылы 10 пайызға өсуіне себепші болады. Тұтыну импорты (2017 жылы тауарлардың жалпы импортының 27,3 пайызы) импорттың неғұрлым сезімтал құрауышы болып табылады. Тұтыну импортындағы өзгерістер айырбастау бағамының ауытқуларымен және тұтынушылық кредиттеудің серпінімен түсіндіріледі.

«Бұл ретте аралық және инвестициялық импорттың айырбастау бағамына тәуелділігі салыстырмалы түрде төмен. Бұл мұнай-газ саласындағы инвестициялық жобалар үшін импортталатын тауарлардың елеулі үлесіне байланысты. Мұндай жобаларды іске асыру айырбастау бағамының өзгеруіне байланысты емес», - делінген Ұлттық банк мәліметінде.

Қазақстанда ағымдағы шоттың сальдосы сауда баллансының және кірістер баллансының серпінімен айқындалады. Көрсетілетін қызметтер баллансының серпіні тұрақты және оның ағымдағы шоттың көрсеткіштеріне әсері шектелген. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ағымдағы шоттың жай-күйінің ІЖӨ-нің (-)2,3 пайызы деңгейіне дейін жақсаруы күтіледі. 2019 жылы дефицит мұнайдың орташа жылдық бағасының төмен болуы есебінен ІЖӨ-нің (-)3,8 пайызына дейін ұлғаяды. Мұнай-газ секторындағы инвестициялық жобаларды іске асыруды бастау нәтижесінде жабдықтар мен құбырлар импортының өсуі, сондай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде шетелдік тікелей инвесторларға төлемдердің өсуі ағымдағы шоттың жақсаруының тежеуші факторлары болып қалады.

«2018 жылы тауарлар экспорты өсуінің тауарлар импортының өсуінен басым қарқыны сауда балансының оң сальдосының ұлғаюына себепші болады. Сонымен бірге 2019 жылы мұнайдың неғұрлым төмен бағасы және мұнай-газ саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды ісе асыруға арналған тауарлар импорты көлемінің ұлғаюы сауда профицитінің төмендеуіне алып келеді»,- делінген таратылған ақпаратта.

Төлем баллансы ағымдағы шотының болжамы ақша-кредит саясаты бойынша шешім қабылдау мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің болжам раундтары аясында жылына 4 рет әзірленеді. Болжамның бастапқы өлшемдері ретінде ҚР ҰБ, ҚР Үкіметінің және халықаралық талдау агенттіктерінің болжамдары пайдаланылады. Өткен болжамдық раундтың базалық сценарийі 2018 жылғы 4-тоқсаннан бастап Brent маркалы мұнай бағасының бір баррельі үшін $60 (2018 жылы орташа баға - $70,9; 2019 жылы - $60) болды.

Соңғы жаңалықтар