Биыл 87 жаңартылатын энергетика нысаны жұмыс істейтін болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың қорытындысында елімізде қуаты 1042 МВтты құрайтын 87 жаңартылатын энергетика нысаны жұмыс істейтін болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта жаңартылатын энергетиканы дамытуға айтарлықтай инвестициялар құйылуда. Бұған Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің мол әлеуеті себеп болып отыр. Сонымен қатар, заңнамалық база мен қабылданған нысаналы индикаторлар жағдай жасауда. Мәселен, мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарында жаңартылатын энергетика үлесін 2020 жылға қарай 3, 2025, ал 2030 жылға қарай 10 пайызға дейін жеткізу мақсаты қойылған. Сондай-ақ, 2050 жылға қарай жалпы энергия тұтынудың кем дегенде жартысы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесінде болуы тиіс», - деді Қ.Бозымбаев.

Осы орайда министр Қазақстанда осы саланы дамытуға ниетті инвесторларға айтарлықтай жағдай жасалып отырғанын айтты. «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңда инвесторларға электр энергияны сатып алуға 15 жылдық келісімшарт ұсынылатындығын, сонымен қатар бірқатар преференциялар берілетіндігін еске салды.

«Тіркелген тарифтер жүйесі дамудың бастапқы кезеңінде «жасыл» энергия нарығын тез іске қосуға мүмкіндік берді. Мысалы, 2014 жылы белгіленген қуаты 178 МВт-тық 26 нысан болса, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде қуаты 1042 МВтты құрайтын 87 нысан жұмыс істейтін болады. Жыл басынан бері 1,65 млрд.кВт/сағ энергия өндірілді. Бұл 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 65 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткіш 2,4 млрд.кВт/сағ орындалатын болады«, - деді ол.

Оның дерегінше, қуаттарды ұлғайтуға қатысты жоспарлы жұмыстың арқасында 2020 жылдың қорытындысы бойынша жүйеде қуаты 1610 МВтты құрайтын 108 нысан жұмыс істейтін болады. Ал, 2024 жылдың соңына қарай энергожүйеде кемінде 3000 МВт жаңартылатын энергия қуаты болады деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар