Биыл 700-ден астам қандас солтүстік өңірлерге қоныс аударуға өтініш білдірген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Солтүстік өңірлерге қоныс аударатын қандастарға тұрғын үй сертифакаты беріледі. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында осындай мәлімет айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Этникалық көші-қонды реттеу бағытындағы әдістер қайта қаралды. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, шетелде тұратын этникалық қазақтардың қандас мәртебесін алуға өтінішін Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі мекемесі арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылдау механизмі енгізілді. Жаңа механизм пилоттық режимде бірқатар елде іске асырылуда. Этникалық қазақтар елге келгенге дейін өздері келетін өңірлер бойынша, жұмыс орындары, бос жер учаскелері, әлеуметтік-инфрақұрылыммен қамтылғандығы туралы консультация алады», - деп жазады Үкімет басшысы.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, 700-ден астам қандастан Қазақстанның солтүстігіне көшу туралы өтініш түскен.

«Қазіргі таңда солтүстік өңірлерге көшу үшін 771 (237 отбасы) этникалық қазақтан өтініш қабылданды. Оның 368-і (111 отбасы) рұқсат алды. Биылдан бастап оларға тұрғын үй алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты қосымша ұсынылады (сатып алу, салу, алғашқы жарна алу). Сертификат қоныс аударушының/қандастың өзіне беріледі. Бұл азаматтарға өз бетінше солтүстік өңірлерде тұрғын үй таңдауына мүмкіндік береді», - делінген жауапта.

Премьер-Министр ұсынған анықтама дерегінде аталмыш сертификатқа биыл бюджеттен 10,1 млрд теңге бөлінгені айтылған. Ол ақшаның заңды жолмен таратылуын Жоғары аудиторлық палата қадағалайды.


Соңғы жаңалықтар