Биыл 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрылыс жұмыстарының көлемі 11,1 пайызға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында биылғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдығы жылдың жеті ай ішінде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,1%-ға өсіп, құрылыс секторы жоғары қарқын көрсетуде. Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңірлер бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Түркістан және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды», - деді Ә. Ерғалиев.

Оның айтуынша, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша да оң динамика байқалуда. Биылғы қаңтар-шілдеде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 10,3%-ды құрады.

«Есепті кезеңде барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,7 пайызды құрады.



Соңғы жаңалықтар