Биыл 53 ауылда 30 млрд теңгенің 454 жобасы жүзеге асырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылы 53 ауылда 30 млрд теңгенің 454 жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы Салтанат Рақымбекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ағымдағы кезеңге арналған саяси, әлеуметтік және экономикалық реформаларға қатысты өзінің пайымын нақтылай түсті. Президент елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай табысты экономикалық реформалар жүргізу мүмкін еместігіне назар аудартты. Саяси жүйенің «Мықты Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет» формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі. Сонымен қатар Президенттің «еститін мемлекет» тұжырымдамасын жалпымемлекеттік міндеттерді талқылау және шешу үшін азаматтық қоғам мен биліктің тұрақты диалогын өмірге енгізу міндеттеріне де қолдау білдіреміз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Президент өз Жолдауында ауылдарды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне де жіті назар аударды.

«Мемлекет басшысы Қазақстанның негізгі ресурсы саналатын ауыл шаруашылығы әзірше толық көлемде пайдаланылмай отырғандығын айтты. Агроөнеркәсіп кешені өнімділігін арттыру үшін органикалық жер шаруашылығын дамыту, суармалары жерлердің көлемін арттыру және кәдеге жаратылмай жатқан жерлерді иелерінен қайтарып алу туралы тапсырма берді. «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды»,- деді Салтанат Рақымбекова.

Коалиция басшысының дерегінше, 2019-2021 жылдарға арналған бағдарлама аясында 1 500 елді мекенге 90 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктерге де «Ауыл - ел бесігі» жобасын қосымша қаржыландыру мүмкіншілігін қарастыру міндеті жүктеліп отыр.

«Жалпы, 2019 жылы 53 ауылда 30 млрд теңгенің 454 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 247 шара көлік инфрақұрылымын, 135 шара әлеуметтік инфрақұырылмдарды және 72 шара тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамытуды көздейді. Қаржыландыру көлемі бір аудан орталығы үшін орташа есеппен 670 млн теңгеден астам қаражатты құрайды. Арнайы жобаны жүзеге асыру барысында Парламент пен мәслихат депутаттарының, қоғам қайраткерлерлерінің, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жобаны қоғамдық мониторинглеуді ұйымдастыруды ұсынамыз», - деді С.Рақымбекова.

Соңғы жаңалықтар