Биыл 528 шақырым жол пайдалануға беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл 528 шақырым жол пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға биыл барлық қаржыландыру көздерінен шамамен 792 млрд теңге бөлінген. Ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, 411 млрд теңге немесе соның 52 пайызы игерілді. Республикалық бюджеттен 439 млрд теңге қарастырылған, оның 335 млрд теңгесі немесе 76 пайызы игерілді. Игеру қаржыландыру жоспарына сәйкес жүріп жатыр»,-  деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша 25 автожол жобасы іске асырылып жатыр. Жалпы 4,6 мың шақырым жол құрылыспен және қайта жаңғыртумен қамтылған. Жыл қорытындысында 528 шақырым пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі күні  805 шақырым теміржолға күрделі жөндеу жүргізілді.

«KEGOC» АҚ өз қаражаты мен қарыз есебінен «500 кВ Шүлбі ЖЭС (Семей) - Ақтоғай - Талдықорған - Алма» жобасының екінші кезеңін жүзеге асырып жатыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін жоба толық аяқталады», - деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар, ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселелеріне де тоқталды.

«Ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдайға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қаржыландыру жоспарына сай табиғи монополиялар субъектілеріне 35,2 млрд теңге мөлшерінде бюджеттік кредит берді. Бұл қаржыландыру жоспарының 100 пайызын құрайды. Табиғи монополиялар субъектілері 17,5 млрд теңгені игерді. 2018-2019 жылдарға жоспарланған 290,6 шақырым желілердің 118,4 шақырымы салынды», - деді Руслан Дәленов.

Соңғы жаңалықтар