Биыл 4 мыңға жуық шетел азаматына Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат берілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстанда шетел еңбек мигранттарына 22 260 квота бөлінді. Толығырақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелден келетін еңбек мигранттарын есепке алу, оларды реттеу және заңдастыру біздің құзыретімізге кіреді. Сырттан еңбек мигранттарын тарту нарықтың сұранысына қарай айқындалады. Биыл шетелден еңбек мигранттарына 22 260 квота бөлінді. Аталған шара отандық еңбек нарығының сұранысын қамтумен қатар, заңсыз еңбек мигрантын шектеу амалдарының бірі. Шетелдіктер квота арқылы елде жұмыс істей алады, яғни рұқсатпен. Биыл 1 сәуірдегі жағдайға сәйкес елімізде 14 417 шетел азаматы жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде биыл 3790 шетелдік Қазақстанда еңбек етуге рұқсат алды», - деді Ілияс Испанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Спикер келтірген мәліметке сәйкес, бүгінде елімізде жұмыс беруші 1693 жұмыс күшін пайдаланып отыр. Онда 407 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді.

«Шетелдік еңбек миграциясының үлесі 4 пайыздан аспайды. Қалғаны - отандық еңбек күші», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар