Биыл 37 ауылдың тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл 37 ауылдық елді мекеннің 46 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет алдында ауылдық елді мекендерді 2023 жылға дейін 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы нақты тапсырма қойылған. Жалпы бұл жұмысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүргізіп жатыр. Біз осы мәселе бойынша республикалық меншіктегі топтық су құбырларды пайдалану мен дамытуды қамтамасыз етеміз. Бүгінгі күні республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың шақырым болатын 74 топтық су құбырлары бар. Оның 37-сі - республикалық меншікте, ал қалған 37 әкімдіктердің меншігінде тіркелген. 2019 жылы Павлодар облысында Май және Беловод топтық су құбырлары, сондай-ақ Қарағанды облысында Жәйрем-Қаражал су құбырлары пайдалануға берілді», - деді ол Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Оның атап өтуінше, биыл Алматы облысында Қаскелең, Қызылорда облысында Талап және Жиделі, Солтүстік Қазақстан облысында Пресновтің екінші кезегі, Батыс Қазақстан облысында Жымпиты топтық су құбырлары бойынша жұмыстар аяқталады.

«Нәтижесінде 37 ауылдық елді мекеннің 46 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, 1 қала мен 39 ауылдық елді мекеннің ескі су беру жүйесі қайта жөндеуден өтіп, ауыз судың сапасы артады. Өз кезегінде, бұл 287 мың тұрғынды қамтиды. Биыл үш топтық су құбырының құрылысы басталды. Олар -жаңадан салынып жатқан Ақмола облысындағы Макинск пен Ақтөбе облысындағы Жаныс би топтық су құбырлары. Сонымен қатар Қарағанды облысындағы Есқұла топтық су құбырының жаңа бөлігі салынуда. Аталған топтық су құбырлары 2021 жылы пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 3 ауылдық елді мекенде тұратын 1,3 мың адам үшін сапалы ауыз су қолжетімді болады», - деді Мағзұм Мырзалғаиев.

Сонымен қатар министр 3 қаланы сумен қамтамасыз ететін құбырлар жаңартылатындығын, 94 мың тұрғын үшін берілетін ауыз судың сапасы жақсаратындығын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар